АХМЕТ ЯСАУИ ДҮНИЕТАНЫМЫНДА ИЛАҺИ ҒАШЫҚ ҰҒЫМЫ
DOI:
https://doi.org/10.56525/rz88q007Кілт сөздер:
Алла, Ясауи, сопылық, ғашықтық, Диуани ХикметАңдатпа
Ғашық ұғымы сопылық дүниетанымның негізі ретінде Ахмет Ясауи дүниетанымының да іргелі ұғымы болып саналады. Ясауидің ойынша адам Керек етушісімен тек ғашықтық арқылы ғана тілдесе алады. Демек, әрбір жаратылыстың бойында туа біткен махаббат бар. Ғашықтық адам мен Раббысының арасындағы көпір және сүйіктісінен басқаның бәрін өртеп жіберетін от. Ғашықтық болмаса тіршілік те болмас еді. Сондықтан болмысты түсіну үшін тек ақыл мен логика жеткіліксіз. Илаһи ғашықсыз өмірдің табиғатын түсіну мүмкін емес. Ал бұл сезім барлық жаратылыстардың ішінде адамға ғана тән қасиет. Адам болмысына ең қолайлы осы рухани хәл илаһи және адамдық сезімді оның жаратылу мақсатына сай етіп, өмірдің қозғаушы күшіне айналдырады. Сопылық дүниетаным бойынша жаратылыстардың жаратылу себебі – Алла Тағаланың танылып, мойындалуы және жаратылыстарына деген сүйіспеншілігі. Демек, жаратылыстардың болмыс дәрежесіне шығуы Жаратушы мен жаратылыстың арасындағы сүйіспеншілік арқылы жүзеге асады. Сондықтан илаһи ғашық ұғымы сопылардың дүниетанымында, әсіресе, Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» еңдегінде маңызды орын алады. Өмірдің ең басты мақсаты Алланың құзырына жету деп білген Ахмет Яссауи, хикметтері арқылы осы ойын жеткізуге тырысады және бұл жолға түскен әрбір хикмет жолаушысына мақсатының не екенін әуел бастан ұғындырады. Яссауидің ойынша адам өмірінің мұраты ғашық мақамына жету болмақ. Ғашық мақамы адамның Алланың разылығын алуы, құдайға құл болу санасымен ғашық жолында пәни дүниенің құмарлықтарын тәрк ету арқылы Шексіз болған Бірмен қауышу, Бір мен бірліктің хәлін тәжірибеден өткізу мақамы. Бұл ең алдымен адамның өз бойында ажз/экстаз (العجز) сипатына жетуі, нәпсісінен бас тартуы, күллі әлемнің негізінде Бір тұрғандығын түйсіну арқылы қол жеткізетін мәртебе болып саналады. Хақ пен хақиқат жолаушысы үшін тек қана ғибадат жасау аздық етеді. Сонымен қатар адам өзінің «менінен» асып, кәсрат әлемі ішінен Бірдің бейнесін көре алуы үшін «илаһи ғашыққа» қажеттілік туындайды. Алланың сырына тек осындай адам ғана қол жеткізе алмақ.




