ЖЕР СІЛКІНІСІНЕН ТУЫНДАЙТЫН ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР САЛДАРЫН БАҒАЛАУДЫҢ ҒЫЛЫМИ-ӘДІСТЕМЕЛІК ТӘСІЛДЕРІ
DOI:
https://doi.org/10.56525/qgpwh303Кілт сөздер:
жер сілкінісі, төтенше жағдай, сейсмикалық қауіп-қатер, бағалау әдістері, инфрақұрылым, апаттық жоспарлауАңдатпа
Түркістан облысы сейсмикалық белсенді аймақтардың қатарына жатады және мұнда күшті жер сілкінісінің орын алу қаупі жоғары. Осыған байланысты жер сілкінісінен туындайтын төтенше жағдайлар салдарын ғылыми тұрғыда бағалау өзекті мәселе болып табылады. Зерттеудің мақсаты – ықтимал 7-8 баллдық сценарийлік жер сілкінісі жағдайында қирау мен зақымдану аймақтарын анықтаудың ғылыми-әдістемелік тәсілдерін негіздеу және олардың салдарын кешенді бағалау.
Зерттеу барысында аймақтың геологиялық және сейсмикалық ерекшеліктері, жер бедері, құрылыс қорының жай-күйі, инженерлік инфрақұрылым және халықтың тығыздығы сияқты негізгі факторлар ескерілді. Ғылыми әдістемелік негіз ретінде статистикалық талдау әдістері, географиялық ақпараттық жүйелер және картографиялық модельдеу қолданылды. Бұл тәсілдер жер сілкінісінің ықтимал салдарын кеңістіктік тұрғыда бағалауға және қауіпті аймақтарды нақтылауға мүмкіндік берді.
Зерттеу нәтижелері Түркістан облысының жекелеген аумақтарында сейсмикалық қауіп-қатер деңгейінің жоғары екенін көрсетті. Әсіресе тұрғын үй құрылысы тығыз орналасқан және әлеуметтік-маңызды инфрақұрылым шоғырланған аймақтарда ықтимал материалдық шығын мен адам шығынының жоғары болу қаупі анықталды. Алынған нәтижелер жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар қызметтері үшін апаттық жағдайларды болжау, тәуекелдерді басқару және алдын алу шараларын жоспарлау барысында ғылыми негіз бола алады.
Зерттеу қорытындылары жер сілкінісінен туындайтын төтенше жағдайлар салдарын азайтуға, халықтың қауіпсіздігін арттыруға және аймақтың сейсмикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған практикалық маңызға ие.




