З.ИЖАНОВТЫҢ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ МАҢҒЫСТАУ ТАРИХЫНА ҚАТЫСТЫ АРХИВТІК ҚҰЖАТТАРҒА ШОЛУ
Кілт сөздер:
«Қосшы» одағы, Адай уезі, ұжымдастыру, кулак, жер мәселесі, ауыл кедейлеріАңдатпа
Мақалада 1920-жылдардың ортасында Қазақстанда жүргізілген әлеуметтік саяси өзгерістердің аграрлық құрылымға тигізген әсері қарастырылады. Осы тұрғыда 1925 жылы желтоқсанда өткен Қазақстан коммунистік партиясының Өлкелік бесінші конференциясында байлар мен кулактарға қарсы бағытталған саясатты белсенді түрде жүзеге асыру үшін Адай уезінде ұйымдастырылған «Қосшы» одағының құрылу тарихы мен негізгі мақсаты зерделенеді. Зерттеудің мақсаты және міндеттері - «Қосшы» одағының құрылуы; тап күресі иедеясын негізге алған бұл ұйымдардың ауылды кеңестендірудегі рөлі; Адай уезіндегі «Қосшы» одағының құрылуын қарастыру. Мақалада архив деректері негізінде жазылған, белгілі мұрағаттанушы З.Ижановтың «Ащы сабақтар» кітабы бойынша 1926-1930 жылдары Адай округінде ұйымдастырылған «Қосшы» одағының тарихы, сол кезеңдегі өңірдің саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайы талданады. «Қосшы» одағының дамуы 1929 жылдан кейінгі күштеп ұжымдастыру мен қуғын-сүргін саясатының алғышартын қалыптастырды. Осылайша, бастапқыда қарапайым шаруалардың мүддесін қорғайтын ұйым ретінде құрылған «Қосшы» Кеңес үкіметінің ауылдағы әлеуметтік таптарды қайта қалыптастыру құралына айналды. Бұл оқиғалар Қазақстандағы Кеңес дәуіріндегі саяси-экономикалық өзгерістердің күрделі сипатын көрсетеді. «Қосшы» ұйымының тарихын зерттеу – ауыл шаруашылығын ұжымдастыру мен таптық жіктелудің қалай жүзеге асқанын түсінуге мүмкіндік береді. "Қосшы" одағы Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің маңызды институттарының бірі ретінде кеңестік реформалардың жүзеге асырылуына елеулі ықпал етті. Бұл ұйым аграрлық қайта құрулар кезеңінде ауыл кедейлерін біріктіріп, социалистік жүйеге бейімдеу құралы ретінде қолданылды. Алайда, уақыт өте келе оның қызметі жойылып, кейінірек ұжымдастыру саясатының аясында толығымен кеңестік әкімшілік-бюрократиялық аппаратқа сіңісіп кетті.