ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫНДАҒЫ ФИЗИКАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ МАЗМҰНЫНДА СТУДЕНТТЕРДІҢ КОГНИТИВТІК ҚҰЗЫРЕТТЕРІН ДАМЫТУ ӘДІСНАМАСЫ
DOI:
https://doi.org/10.56525/xx9mye88Кілт сөздер:
физикалық білім беру, когнитивтік құзыреттер, метакогниция, STEM-интеграция, проблемалық оқыту, когнитивтік қақтығыс, әдіснамалық модельАңдатпа
Мақалада жоғары оқу орнындағы физикалық білім беру мазмұнында студенттердің когнитивтік құзыреттерін дамыту мәселесі теориялық және әдіснамалық тұрғыдан қарастырылады. Зерттеудің мақсаты - физикалық білім беру мазмұнын когнитивтік тәсіл негізінде жаңғыртып, студенттердің танымдық және метакогнитивтік қабілеттерін қалыптастырудың ғылыми негізделген үлгісін ұсыну. Когнитивтік құзыреттердің мазмұны ретінде ақпаратты қабылдау, талдау, салыстыру, синтездеу, жалпылау және проблемаларды шешу дағдылары қарастырылған. Зерттеуде шетелдік ғалымдардың соңғы жылдардағы еңбектері талданған.
Автор физикалық білім беруде когнитивтік тәсілді жүйелі қолдануға негізделген төрт блоктан тұратын әдіснамалық модель ұсынады: мақсаттық, мазмұндық, үдерістік-технологиялық және бағалау-рефлексивтік. Модель студенттердің аналитикалық, логикалық және рефлексивтік ойлау қабілеттерін дамытуға бағытталған. Практикалық кезеңде Ақтау және Атырау қалаларындағы жоғары оқу орындарында жүргізілген педагогикалық эксперимент нәтижелері ұсынылған модельдің тиімділігін статистикалық тұрғыда растады (t =2,84; p<0,05). Эксперимент барысында студенттердің когнитивтік құзыреттерінің интеллектуалдық, операциялық және рефлексивтік компоненттері 20-30% аралығында артқан.
Зерттеу қорытындысында физикалық білім мазмұнын когнитивтік бағытта құрылымдау студенттердің оқу мотивациясын, дербес зерттеу қабілетін және ғылыми дүниетанымын дамытуға мүмкіндік беретіні дәлелденді. Ұсынылған әдіснама физика мамандарын даярлау жүйесінде когнитивтік-психологиялық заңдылықтарға негізделген заманауи білім беру тәжірибесін жетілдірудің тиімді бағыты болып табылады.




