ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМДАРЫНДАҒЫ ЭВТАГОГИКАНЫҢ (ХЬЮТАГОГИКА) ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ МЕН ӘДІСТЕМЕЛІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
DOI:
https://doi.org/10.56525/20z00f90Кілт сөздер:
Эвтагогика, андрагогика, білім алушының дербестігі, lifelong learning (өмір бойы оқу), цифрлық қоғам, білім берудегі инновацияларАңдатпа
Бұл мақалада қазіргі заманғы цифрлық қоғам жағдайында білім беру жүйесінің өзгерістерге бейімделу қажеттілігі қарастырылады. Цифрландыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың жедел дамуы және жасанды интеллекттің жаппай қолданысқа енуі білім беру жүйесіне өзгерістер мен жаңаша зерттеулерді талап етуде. Дәстүрлі педагогикалық тәсілдер заманауи оқушы мен студенттің қажеттіліктерін толық қанағаттандыра алмауы мүмкін, сондықтан да, білім алушының дербестігі мен жауапкершілігіне негізделген жаңа әдіснамалық бағыттар алдыңғы қатарға шығуда.
Соның ішінде эвтагогика ұғымы ерекше мәнге ие. Эвтагогика (heutagogy) – білім алушының дербестігіне, өзіндік бағытталуына және жауапкершілігіне негізделген оқыту тұжырымдамасы. Бұл тұжырымдама білім алушының тек дайын ақпаратты меңгеруін емес, оны өз бетінше құрастыруын, рефлексия жасап тәжірибеде қолдануын басты қағида ретінде ұсынады. Ол дәстүрлі педагогика (балаларды оқыту) мен андрагогикадан (ересектерді оқыту) кейінгі жаңа деңгей ретінде қарастырылады.
Зерттеу барысында эвтагогиканың теориялық негіздері мен әдіснамалық ерекшеліктеріне әдебиетке шолу жасалып, оның білім беру жүйесіндегі орны айқындалады. Google Scholar және халықаралық ғылыми дереккөздерге жасалған талдау эвтагогика тақырыбы шетелдік ғылыми ортада кеңінен талқыланып жатқанын, ал ТМД мен Қазақстанда әлі де жаңа бағыт ретінде қалыптасу кезеңінде екенін көрсетті. Дегенмен, отандық зерттеулер эвтагогиканың негізгі қағидаттарын – білім алушының дербестігі, өзіндік бағытталуы, мотивациясы мен рефлексиясын – айқындап, оны білім берудің инновациялық әдіснамалық негізі ретінде қарастыруға болатындығын алға тартады.
Эвтагогика заманауи цифрлық қоғам талаптарымен үйлесімді, себебі ол білім алушылардың жеке оқу траекториясын құруына, цифрлық ресурстарды тиімді қолдануына, өзіндік бағалау арқылы жетістіктерін қадағалауға жағдай жасайды. Бұл тәсіл ХХІ ғасыр адамына қажет мета-дағдылар мен soft skills қалыптастыруға ықпал етіп, lifelong learning тұжырымдамасын жүзеге асырудың маңызды тетігіне айналуда. Сонымен қатар, эвтагогика тұлғаның шығармашылық әлеуетін ашуға, білімді үздіксіз жаңартуға және кәсіби бейімделу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.
Жалпы қорытынды ретінде, эвтагогика қазіргі білім беру жүйесінің теориялық және практикалық деңгейінде инновациялық бағыт болып табылады. Оның артықшылықтары дәстүрлі педагогика мен андрагогикадан өзгеше, себебі басты назар білім алушының белсенділігіне, дербестігіне және өзін-өзі дамытуына аударылады.
Зерттеу барысында эвтагогиканың теориялық негіздері, даму тарихы және оның педагогикалық ғылымдағы орны талданды. Әдебиетке жасалған шолу нәтижесінде эвтагогиканың халықаралық ғылыми ортада кеңінен қолданылып келе жатқанын ескеріп,
педагогикалық ғылымда тереңірек қарастырудың қажеттілігін, оның цифрлық дәуірдегі білім беру үдерісін жетілдіруге қосатын үлесінің зор екенін дәлелдейді.




