VASCAK ПЛАТФОРМАСЫН ҚОЛДАНУ НЕГІЗІНДЕ ЭКСПЕРИМЕНТТІК ЕСЕПТЕР АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ТАНЫМДЫҚ ДАҒДЫЛАРЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ
DOI:
https://doi.org/10.56525/2wws7955Кілт сөздер:
Vascak платформасы, эксперименттік есептер, физиканы оқыту, танымдық дағдылар, виртуалды зертхана, зерттеушілік мәдениет, ғылыми әдіс, сыни ойлау, функционалдық сауаттылық, цифрлық білім беруАңдатпа
Бұл мақалада қазіргі білім беру жүйесінде оқушылардың танымдық дағдыларын қалыптастырудың өзекті мәселелері қарастырылады. Автор физика пәнінің оқушылардың ғылыми дүниетанымын кеңейтуде, тәжірибелік іс-әрекеттерге баулуда және зерттеушілік қабілеттерін дамытуда ерекше рөл атқаратынын атап көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, эксперименттік есептерді шешу оқыту үдерісінің маңызды құралы болып табылады. Алайда мектеп жағдайындағы материалдық-техникалық мүмкіндіктердің шектеулігі виртуалды зертханалар мен цифрлық платформаларды пайдаланудың қажеттілігін айқындайды.
Мақалада Vascak платформасын қолдану арқылы эксперименттік есептерді орындаудың тиімділігі жан-жақты талданады. Бұл платформа оқушыларға тәжірибені виртуалды ортада өз бетінше құрастыруға, өлшеу жүргізуге, алынған деректерді кестелеу мен график тұрғызуға, сондай-ақ нәтижелерді талдап, қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Осындай үдерістер ғылыми әдістің логикасына сәйкес ұйымдастырылып, оқушылардың зерттеушілік мәдениетін жүйелі қалыптастыруға ықпал етеді.
Зерттеу барысында бірнеше тәжірибелік тапсырмалар үлгі ретінде ұсынылады: маятниктің тербелісін зерттеу арқылы ұзындық пен тербеліс периоды арасындағы тәуелділікті анықтау, Ом заңын тәжірибелік тексеру, дұрыс емес пішінді дененің тығыздығын анықтау, сондай-ақ толқындардың интерференция құбылысын модельдеу. Әрбір тәжірибе оқушылардың теориялық білімін практикалық әрекетпен байланыстырып, ғылыми-зерттеу дағдыларын жетілдіруге бағытталған.
Сонымен қатар, Vascak платформасының қолжетімділігі, қарапайым интерфейсі және түрлі өлшеу құралдарының болуы күрделі құбылыстарды көрнекі әрі түсінікті түрде модельдеуге жағдай жасайды. Бұл мүмкіндік уақытты үнемдеуге, зертханалық құрал-жабдыққа тәуелділікті азайтуға, әсіресе ресурстары шектеулі мектептерде оқу сапасын арттыруға ықпал етеді. Өлшеу нәтижелерін талдау, қателіктер көзін анықтау және алынған деректерді теориялық мәндермен салыстыру оқушылардың сыни тұрғыдан ойлауын, деректермен жұмыс істеу дағдыларын және рефлексия қабілетін дамытады. Зерттеу нәтижелері Vascak платформасын пайдалану оқушылардың танымдық дағдыларын қалыптастырудың тиімді әдістерінің бірі екенін айқындап, оны білім беру жүйесіне кеңінен енгізудің маңыздылығын көрсетеді.




