Қ. ЖАРМАҒАНБЕТОВТІҢ «ӘНШІ АЗАМАТ» ПОВЕСІНДЕГІ ӘМІРЕ БЕЙНЕСІ: ҰЛТТЫҚ РУХ ПЕН ПРОЗАЛЫҚ ШЕБЕРЛІК КӨРІНІСІ
DOI:
https://doi.org/10.56525/s08kc233Кілт сөздер:
Қайнекей Жармағанбетов, Әміре Қашаубаев, қазақ әдебиеті, ұлттық өнер, повесть жанры, өмірбаяндық прозаАңдатпа
Бұл мақалада Қайнекей Жармағанбетовтің «Әнші азамат» повесі әдеби-теориялық тұрғыдан жан-жақты талданып, оның жанрлық сипаты мен көркемдік ерекшеліктері айқындалады. Шығарма қазақтың атақты әншісі Әміре Қашаубаевтың өмірі мен өнер жолын бейнелеу арқылы ұлттық өнер тарихынан сыр шертіп, жазушыны прозашы ретінде жаңа белеске көтергені көрсетіледі. Повестің басты құндылығы – тарихи тұлғаның тағдырын көркемдік тұрғыдан бейнелеу арқылы ұлттық рухты жаңғыртуы. Автор Әміренің Париж сахнасындағы өнерін, оның халықтық ән дәстүрін әлемге паш еткенін суреттеу арқылы қазақ мәдениетінің биік деңгейін танытады.
Зерттеу барысында тарихи-әдеби, салыстырмалы және көркемдік-стилистикалық әдістер қолданылып, повестің эпикалық құрылымы, кейіпкер бейнесінің шынайылығы, тілдік-стилистикалық шеберлігі мен тарихи-мәдени маңызы сараланды. Сонымен қатар, шығармада ұлттық өнердің тағдыры, өнер адамының қоғамдағы орны, тарихи кезеңнің әлеуметтік-психологиялық сипаты көрініс тапқан. Жазушының баяндау мәнері, кейіпкерді даралау тәсілдері, көркемдік детальдарды қолдануы оның прозалық шеберлігін айқындайды.
«Әнші азамат» повесі қазақ әдебиетінде өмірбаяндық-публицистикалық прозаның көрнекті үлгісі ретінде бағаланып, ұлттық рухани мұраға қосқан үлесі дәлелденді. Бұл туынды тек әдебиеттану тұрғысынан ғана емес, мәдениеттану, өнертану және тарих ғылымдары үшін де маңызды дереккөз болып табылады.




