ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНДАҒЫ БІЛІМ БЕРУ ҮДЕРІСІНЕ ШЕТЕЛДІК СТУДЕНТТЕРДІҢ БЕЙІМДЕЛУІ
DOI:
https://doi.org/10.56525/mkfj5491Кілт сөздер:
жоғары оқу орны, бейімделу, шетелдік студенттер, мәдениетаралық бейімделу, психологиялық-педагогикалық бейімделу, академиялық үлгерімАңдатпа
Мақалада жоғары оқу орнының білім беру кеңістігінде шетелдік студенттердің бейімделу үдерісінің ғылыми-теориялық және практикалық аспектілері қарастырылады. Бейімделу мәселесіне арналған ғылыми зерттеулердің теориялық негіздері талданып, қазақстандық және шетелдік ғалымдардың еңбектері негізінде кешенді ғылыми талдау жүргізілді. Бейімделу ұғымының мәні ашылып, оның негізгі түрлері жүйеленді, сондай-ақ бейімделу үдерісінің мазмұны сипатталды. Аталған үдеріс бейімделу субъектілерінің ерекшеліктерімен айқындалып, оның даму бағыты мен өзара әрекеттесу сипаты кешенді тәсіл тұрғысынан қарастырылады. Зерттеуде студенттердің тұлғалық дамуына және жоғары оқу орнында білім алу барысында жаңа әлеуметтік-мәдени ортаға бейімделу ерекшеліктеріне ерекше назар аударылды. Қазіргі кезеңде мигранттардың мәдениетаралық бейімделуі жағдайында көрсетілетін психологиялық қолдау мәселелері жеткілікті деңгейде зерделенбегені, әсіресе жаңа мәдени ортада білім алып жатқан шетелдік студенттерге арналған психологиялық көмектің өзектілігі атап өтіледі. Білім берудің қазіргі даму жағдайында жоғары оқу орындарындағы бейімделу үдерісінің ерекшеліктері, сондай-ақ оқыту әдістері мен оқу үдерісін ұйымдастыру формалары талданды. Шетелдік тәжірибені талдаудағы негізгі міндет – студенттердің бейімделуіне оң ықпал ететін тиімді әдістерді білім беру тәжірибесіне кіріктіру, сонымен қатар білім беру кеңістігіндегі тұлғаның психологиялық-педагогикалық бейімделу мәселелерін кешенді түрде қарастыру болып табылады. Шетелдік студенттердің жоғары оқу орнында табысты бейімделуі оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруды қамтамасыз ететін маңызды фактор ретінде олардың құндылықтық бағдарларымен тығыз байланысты екендігі айқындалды.




